«Ақтөбе облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы» ММ-нің «Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық КММ
Музей директоры:
Таубатыров Әлібек Скендірұлы
Штат саны: 9 адам
Оның ішінде: Директор -1, шығармашылық қызметкері – 2, кіші қызметкерлер -6
Музейдің құрылған жылы: 5. 11. 1984 жыл
Музей туралы ақпарат:
1979 жылы 27 ақпанда халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің Ырғыз селосының орталығынан музей үйін ашу туралы шешім қабылдады. Алайда, бұл мәселе уақытында шешілмеді. 1980 жылғы 9 сәуірде «Социалистік Қазақстан»газетінде белгілі жазушы, сатирик Ү.Уайдиннің «Тарих тәлімі ұрпаққа» атты мақаласы жарық көреді. Осы мақаладан соң музей үйінің құрылысын партияның XXIV съезі атындағы кеңшар ұжымы (директоры Л.Шоқпаров) жүргізді.
1981-1984 жылдары аралығында музей қоғамдық негізде жұмыс істеп, халық ағарту ісінің ардагері Баудияров Бердібай басқарды.
1984 жылғы 5 қарашадан мұражай мемлекеттік мекеме ретінде ашылып, халыққа қалыпты қызмет көрсететін мәдени-көпшілік орынға айналды. 1987 жылы музейдің көлемі 72 шаршы метрге ұлғайтылды және көрме залдарына түбегейлі реставрация (қайта жасақтау) жасалып, қайта жасақтауға облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы, сол кездегі директоры (Рысжан Ілиясова) көмек көрсетті. Музей экспозициясы жалпы алаңы 200 шаршы метр болатын 7 залға орналастырылған. Олар: Өңіртану залы, Табиғат залы, Тарихи-мәдени ескерткіштер залы, Этнография залы, Ырғыз тарихы залы, Репрессия залы және Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, Еңбек Ерлеріне арналған залдардан тұрады.
Музейде Ырғыз ауданының тарихынан мағлұмат беретін мамонттың сүйектері, ағаш үй, ұлттық қолөнер туындылары, өткен кезеңдерде пайдаланылған қазақтың құрал-жабдықтары, ыдыс-аяқтары, түрлі аң-құстардың қатырлаған мүсіндері, ертеде пайдаланған темір, ағаш соқалар, өткен ғасырда пайдаланған теңгелер экспозициялары қойылған. Ұлы Отан соғысына арналған және Ырғыз жері мен еліне қатысы бар көрнекті тұлғалардың фотосуреттері, өмірбаяны деректері ілінген залдар бар. Жалпы аудандық тарихи-өлкетану музейі қорындағы 4 мыңға жуық экспонат минерология, палентология, ботаника, тұрмыс пен этнография, қолөнер мен сәндік бұйымдар, деректі құжаттар, фотоматериалдар коллекцияларынан құралған.
1993-2005 жылдары аралығында музей қызметкерлерінің штат құрамы қысқартылып, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесі ретінде жұмыс істеді. Бұл кезеңде қаражат бөлінбегендіктен музейдің қалыпты қызмет жасауына мүмкіндік болмады. 2006 жылдың қаңтар айынан бастап, мекеме «Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейі» мемлекеттік мекемесі, 2013 жылғы 28 желтоқсаныңдағы Ақтөбе облысы әкімдігінің №423 қаулысымен бекітілген «Ақтөбе облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып құрылды. Музей 2008 жылы қазіргі заман талабына сай күрделі жөндеуден өтті.
2016-2019 жылдар аралығында біршама конференциялар өткізіліп, нәтижесінде «Патша үкіметіне қарсы Ырғыздағы көтеріліс», «Зұлмат жылдар жаңғырығы», «Ырғыздың Еңбек Ерлері», «Алаш арманы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан!», «Ырғыз шежірелі өлке!» атты ғылыми-танымдық жинақтар шығарылды.
2018 жылы «Өлке тарихын насихаттаудағы жетістіктері үшін» Диплом,
2019 жылы «Үздік аудандық маңызы бар мемлекеттік музей» Дипломымен және «Рухани қазына - 2019» республикалық байқауына қатысқаны үшін Мәдениет министрі атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Ырғыз аудандық тарихи өлкетану музейінің музей қорында, қазіргі таңда 4133 жәдігер сақталған. Музейге келушілер саны жақсы көрсеткішке ие. Музей жанынан құрылған «Мұрагер» клубы, және «Үкілім» клубы қосымша жұмыс атқарады. «Мұрагер» клубы музейде өткізілетін шараларға белсене қатысып, жасақталатын экспозицияларға өз пікірлерін қосып, тарихымыздың түгелденуіне аса мән беріп, ақыл – кеңестерін айтып отырады. Музейде өткізілетін конференцияларға, танымдық шараларға баяндамаларын ұсынады. «Үкілім» клубы мектеп оқушыларына, қыздарымызға қазақ халқының мәдениеті, ұлттық дәстүрлері туралы, қыз балаға тән имандылық, сыпайылық, туралы үгіт-насихат жүргізеді. Сонымен қатар, «Отбасымен музейге» және «Еңбек – елдің мұраты» жобасы аясында «Үлгілі адам – қоғам тірегі» айдары ашылды.
Байланыстар:
Мекен-жайымыз:
Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ырғыз селосы, Ө.Қанахин көшесі 13, «Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейі » КММ
Т/Факс: 8 /71-343/ 21-0-92
Е-mail: Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.
Instagram: Muzei_irgiz